

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің депутаттары Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Сенат комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров өзінің кіріспе сөзінде қазіргі жағдай жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заманауи әдістер әзірлеуді талап ететінін атап өтті.
Сенатор Марат Қожаев шара барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейтудің маңыздылығына тоқталса, Көлік министрінің орынбасары Сәтжан Аблалиев қыс мезгіліндегі жол инфрақұрылымының жай-күйі туралы баяндады.
Сонымен қатар, ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты директорының орынбасары Л.Ж.Сүлеймен «Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы халықаралық нормативтік-құқықтық реттеуді салыстырмалы талдау» тақырынбында баяндама жасады.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша заңнаманы жетілдіру, жол инфрақұрылымын жақсарту және алдын алу шараларын күшейту жөнінде тиісті ұсыныстар әзірленетін болды. Барлық ұсыныстар зерделеу және іске асыру үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.