





3 наурызда «Ақ жол» партиясының кеңсесінде Мәжіліс депутаты әрі партия төрағасы Азат Перуашевтің жетекшілігімен Парламентаризм институты ұйымдастырған дөңгелек үстел өтті. Жиында «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға енгізілетін түзетулердің тұжырымдамасы талқыланды. Бұл бастама Парламентаризм институты мен Мәжіліс арасындағы ынтымақтастық жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда.
Жиынға Парламентаризм институты директорының орынбасары Бекжанов Б.А.,Қаржы, салық және кеден заңнамасы орталығының басшысы Сабиров И.А., сондай-ақ мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық және салалық бірлестіктер өкілдері қатысты. Алғашқы сөзді Азат Перуашев алып, одан кейін «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ төрағасының орынбасары Ерқанат Қазкенұлы Маканов, Өнеркәсіпті дамыту қоры басқармасының төрағасы Ринат Эдуардұлы Гаппаров және Имин А. Сабиров өнеркәсіп секторын қолдау мен дамытудың өзекті тұстарына тоқталды. Индустрия және құрылыс министрлігінен Департамент директоры Лаура Үмітбекқызы Садыкова өндірісті қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар жайлы баяндама жасады.
Талқылауға қатысушылар өнеркәсіптік секторды кешенді дамыту мен заңнамалық базаны жетілдірудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар жиынға онлайн-форматта қосылған өңірлік қауымдастықтар мен ұйымдардың өкілдері, соның ішінде Анапа Макашева, заң жобасына қатысты қосымша ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты.