Басты бетҚазақстандағы жасанды интеллект: ғаламдық тенденциялар және “Жасанды интеллект туралы” заң жобасы...

Қазақстандағы жасанды интеллект: ғаламдық тенденциялар және “Жасанды интеллект туралы” заң жобасының тұжырымдамалық негіздері

Қазақстандағы жасанды интеллект: ғаламдық тенденциялар және “Жасанды интеллект туралы” заң жобасының тұжырымдамалық негіздері

2025 жылғы 3 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде “Жасанды интеллект туралы” (бұдан әрі – ЖИ) заң жобасының таныстырылымы өтті. Бұл заң жобасының басты мақсаты – осы технологияны елдің экономикасы мен әлеуметтік саласына енгізу үшін ашық және тиімді құқықтық негіз құру.


Бүгінде ЖИ экономикалық процестерді, мемлекеттік басқаруды және қоғамдық қатынастарды қарқынды түрде өзгертіп, инновацияларға, өсімге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Сонымен қатар, оның белсенді дамуы этикалық мәселелерге, қауіпсіздікке, дербес деректерді қорғауға және алгоритмдер қабылдайтын шешімдер үшін жауапкершілікке қатысты айтарлықтай тәуекелдерді тудырады.


Қазақстан үшін ЖИ саласындағы айқын және кешенді құқықтық реттеу жүйесін құру стратегиялық маңызды қадам болып табылады. Бұл жүйе экономиканың инновациялық дамуы үшін қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, сонымен бірге жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз және этикалық қолдануды қамтамасыз етеді. Бұған дейін, 2024 жылғы 11 желтоқсанда Мемлекет басшысы ЖИ-ді жауапты пайдаланудың негізгі қағидаттарын заңнамалық тұрғыда бекітудің, этикалық аспектілерге ерекше назар аударудың, сондай-ақ оны әзірлеу және енгізу процестерінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өткен болатын. Осы аталған міндеттер ұсынылған заң жобасының негізін құрады.


Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ЖИ-ді реттеу теңгерімді және кешенді тәсілді қажет етеді. Атап айтқанда, Еуропалық Одақ (ЕО), АҚШ, Қытай және Ұлыбритания әртүрлі ұлттық басымдықтары мен құқықтық дәстүрлеріне байланысты түрлі реттеу модельдерін ұстанады.


ЕО цифрлық саланы кешенді реттеуде көш бастап, тәуекелге бағытталған тәсілді қолданады. Бұл тәсіл Цифрлық қызметтер туралы актіде (DSA), Цифрлық нарықтар туралы актіде (DMA) және ЖИ туралы актіде (AI Act) көрініс тапқан. ЕО-ның ЖИ туралы актісі әлеуметтік рейтинг, биометриялық бақылау сияқты ЖИ-ді пайдалану түрлеріне тыйым салады, жоғары тәуекелді жүйелерді (медицина, білім беру, қаржы және құқық қорғау қызметінде) қатаң реттейді және төмен тәуекелді қосымшалар үшін ашықтықты қамтамасыз етеді. ЕО саясатының маңызды бөлігі – дербес деректерді Жалпы деректерді қорғау регламенті (GDPR) негізінде қорғау.


АҚШ, керісінше, икемді және салалық тәсілді қолданады, инновациялар мен өзін-өзі реттеуді ынталандырады. Жеке реттеуші органдар мен штат деңгейіндегі заңнамалық бастамалар “ЖИ құқықтар туралы заң жобасы” (Blueprint for an AI Bill of Rights) және NIST-тің ЖИ тәуекелдерін басқару жөніндегі нұсқаулығы сияқты федералдық құжаттармен толықтырылады. Маңызды қадамдардың бірі – 2023 жылы президент Байден қол қойған ЖИ туралы атқарушы жарлық, ол қауіпсіздік, құпиялылық және кемсітушілікке жол бермеу стандарттарын белгілейді.


Қытай дербес деректерді қорғау туралы заңға (PIPL) және 2021 жылғы деректер қауіпсіздігі туралы заңға негізделген мемлекеттік қатаң реттеу жүйесін құрды. Негізгі талаптар – деректерді жинауды барынша азайту, алгоритмдерді тіркеу және генеративті ЖИ-ді бақылау, мемлекеттік қауіпсіздік талаптарын міндетті түрде сақтау және контентті модерациялау.


Ұлыбритания икемді және кезең-кезеңмен реттеу тәсілін таңдағанымен, бастапқыда қатаң реттеуден аулақ болған. Ел 2023 жылы бекітілген қауіпсіздік, ашықтық, әділеттілік, есептілік және даулы мәселелерді қарастыру қағидаттарына, сондай-ақ Ofcom реттейтін Онлайн қауіпсіздік туралы заңға сүйенеді.


Қазақстан үшін маңызды аспект – “ЖИ туралы” заң жобасы мен 2024 жылдың қазан айынан бері қоғамдық талқылаудағы Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі (ЦК РК) арасындағы жүйелік сәйкестікті қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасының “Құқықтық актілер туралы” Заңының 10-бабына сәйкес, ЦК РК жоғары заңдық күші бар және ЖИ-ді қоса алғанда, цифрлық ортаның негізгі қағидаттары мен реттеу тетіктерін қамтуы тиіс. Бұл екі құжаттың ережелерін нақты шектеуді және үйлестіруді талап етеді, құқықтық реттеудің тұтастығы мен қайшылықсыздығын қамтамасыз етеді.

Осылайша, Қазақстан ЕО-ның тәуекелге негізделген тәсілін, деректерді қорғау қағидаттарын, платформалық реттеуді және икемді жаңарту механизмдерін (“реттеуші құмсалғыштар”, нормаларды тұрақты қайта қарау) қоса алғанда, үздік халықаралық тәжірибелерді тиімді түрде біріктіру мүмкіндігіне ие. Шетелдік тәжірибе, ұлттық ерекшеліктер және әлеуметтік-экономикалық контекстті мұқият ескере отырып, Қазақстан әлемде ЖИ туралы жеке және кешенді заң қабылдаған екінші юрисдикция болуға әлеуетті.



Саймова Ш.А., Ph.D.

Қоғамдық заңнама және мемлекеттік

басқару орталығының жетекшісі