






2025 жылғы 18 сәуір күні Парламентаризм институтында институт директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Бейсенбекұлы Сафиновты құрметті еңбек демалысына шығарып салуға арналған салтанатты рәсім өтті.
Іс-шараға елдің жоғары мемлекеттік органдарының беделді өкілдері қатысты. Атап айтқанда: Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Қажманұлы Асанов, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Басшысының орынбасары Бақыт Үрістемұлы Әбілдинов, Мәжіліс депутаттары Снежанна Валерьевна Имашева, Үнзила Шапақ және Наталья Григорьевна Дементьева, сондай-ақ ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Серік Бахтияр және Заңнама институтының аға ғылыми қызметкері Николай Николаевич Турецкий.
Салтанатты жиында сөз алған Сенат Төрағасының орынбасары Ж.К. Асанов Қанатбек Бейсенбекұлының парламентаризмді қалыптастыру мен дамытуға, заң шығару процесін жетілдіруге қосқан орасан зор үлесін айрықша атап өтіп, оның кәсіби біліктілігі мен мемлекет ісіне деген адал ықыласын жоғары бағалады. Осы еңбегі үшін Сенат атынан Қ.Б. Сафиновқа арнайы Алғыс хат табысталды.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Басшысының орынбасары Бақыт ҮрІстемұлы Әбілдинов те Қанатбек Бейсенбекұлына мемлекеттік қызмет пен құқықтық жүйенің дамуына қосқан ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін шынайы ризашылығын білдіріп, Президент Іс басқармасы басшылығы атынан Алғыс хат ұсынды. Ол Қ.Б. Сафиновтың терең білімін, жоғары кәсіби мәдениетін және мемлекет мүддесіне деген адал қызметін ерекше атап өтті.
Әділет вице-министрі Д.М. Ваисов өз сөзінде Қанатбек Бейсенбекұлының заң саласындағы шеберлігін, басшылықтағы кемеңгерлігін және адами қасиеттерінің биіктігін тебірене еске алып, оны “көрнекті заңгер әрі көреген басшы” деп сипаттады. Сондай-ақ ол Институтпен бірлескен табысты ынтымақтастық орнатуға байланысты жылы лебізін білдірді.
Іс-шара барысында сөз алған барша қатысушылар Қанатбек Бейсенбекұлының тұлғасын терең құрметпен сипаттап, оны – ел заңнамасының дамуына, мемлекеттік басқару ісіне және жас буын кадрларды тәрбиелеуге баға жетпес үлес қосқан көрнекті ғалым-заңгер, білікті ұйымдастырушы және мемлекет ісіне адал қайраткер ретінде жоғары бағалады.
Салтанатты рәсім соңында Парламентаризм институтының ұжымы өздерінің шынайы ризашылығын білдіріп, Қанатбек Бейсенбекұлына мықты денсаулық, баянды бақ-береке және алдағы жаңа кәсіби белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.