



Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ҚР ПІБ қарасты Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы басшысының орынбасары Алинур Болатұлы мен Парламентаризм институтының қызметкерлері Ұлы Отан соғысының тыл ардагері Құрманбек Шоқанбайұлы Шоқанбаевты мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.
5 мамыр күні Құрманбек Шоқанбайұлы 95 жасқа толды. Ол 1930 жылы Торғай облысындағы Шілі ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, 13 баланың он біріншісі болған. Өкінішке қарай, бауырлары мен әпке-қарындастарының көбі балалық шағында көз жұмған.
Соғыс жылдарында Құрманбек Шоқанбайұлы ерте жастан еңбекке араласып, тылда қажырлы еңбек етті. Бар-жоғы 10 жасында майданға кеткен ер-азаматтардың орнын басып, ауыр тұрмыстың салмағын көтерген аналар мен қариялар, жасөспірімдер қатарында болды. Ол өгіз арбамен ауылдан бірнеше шақырым жердегі аудан орталығына тері, жүн және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізіп, ел игілігі үшін еңбек етті.
21 жасында Күлжан есімді өмірлік серігін жолықтырып, отбасында 13 бала тәрбиелеп өсірді. Зейнет жасына дейін пошта бөлімшесінде кассир болып қызмет атқарған.
Ерен еңбегі мен елге сіңірген еңбегі үшін Құрманбек Шоқанбайұлына құрмет ретінде азық-түлік себеті мен материалдық қолдау табыс етілді. Бұл — оның соғыс жылдарындағы қажырлы еңбегі мен өмірлік жолына деген алғыс пен ризашылықтың белгісі.
Бүгінде Құрманбек Шоқанбайұлы сергек, өмірге белсенді көзқарасын сақтап келеді. Оған ерекше қуаныш сыйлайтыны — атқарған еңбегіне деген шынайы құрмет пен адамдар арасындағы жылы қарым-қатынас.