



Парламентаризм институтында Мәжіліс депутаттары мен салалық сарапшылар кооперативтер туралы жаңа заң жобасының құқықтық негіздерін саралады.
Кеңес аралас форматта – офлайн және онлайн режімде өтті. Шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары Магеррам Магеррамов, Асылбек Нұралин, Кенжеғұл Сейтжан, Ирина Смирнова және Ислам Сункар қатысты.
Талқылау барысында депутаттар мен сарапшылар кооперативтердің қызметін реттеу жүйесін қайта қарап, қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға бейімделген жаңа заң жобасын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.
Парламентаризм институтының өкілдері – директордың орынбасары Берік Бекжанов, нормашығармашылық жөніндегі атқарушы директор Алмас Канатов, Жеке құқық заңнамасы орталығының басшысы Юлия Костяная және орталықтың басқа да мамандары – жобаның мазмұны мен бағытын таныстырды.
Юлия Костяная заң жобасының негізгі мақсаты – кооперация саласындағы бытыраңқы нормаларды біріздендіріп, елдегі кооперативтік қозғалысты тиімді дамыту екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл заң тек ішкі талаптарға ғана емес, халықаралық тәжірибеге де сүйеніп жасалуда. Ол Қырғызстан мен Германияның үлгілерін мысал ретінде келтірді.
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов заң жобасының ел заңнамасы үшін өзектілігін атап өтіп, Парламентаризм институтымен бірлескен жұмыстың нәтижелі жалғасатынына сенім білдірді.