




29 тамыз күні Maqsut Narikbayev University-де Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттік билік: құқық пен болашақ диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынға қазақстандық және ресейлік құқықтанушылар қатысып, заң шығару сапасы, құқықтық популизмнен қорғау тетіктері, цифрландыру мен жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы құқық дамуы секілді өзекті тақырыптарды талқылады.
Конференцияның ашылуында Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан мен институттың сараптамалық кеңесінің хатшысы Владимир Волков Конституцияның 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталды.
Сарапшылар конституциялық бақылаудың маңызына, нормативтік-құқықтық актілердің Негізгі заңға сәйкестігіне және мемлекеттік органдардың заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөліне айрықша назар аударды.
Сессия модераторлары – Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан және MNU-дың ғылым мен зерттеу жөніндегі вице-провосты Марат Ахмади. Өз сөзінде Наталья Пан заң шығару процесін әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерге бейімдеудің қажеттігін атап өтті.
Басқосуға шетелдік ғалымдар да атсалысты. Олардың қатарында ММУ-дың доценті Ольга Баженова, О.Е. Кутафин атындағы МГЮА профессоры Светлана Нарутто, заң ғылымдарының кандидаты Айгүл Чупилкина және профессор Игорь Остапович бар.
Қорытындысында қатысушылар Конституцияны тек мемлекеттік биліктің іргетасы ғана емес, сонымен қатар ел дамуының заманауи құралы ретінде бағалады.