

Парламентаризм институтында ұжымның «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Әлинұр Болатұлымен кездесуі өтті. Іс-шара аясында ол Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған Жолдауының негізгі тезистеріне арналған баяндама жасап, түсіндіру әңгімесін жүргізді.
Президент 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында алдағы жылдарға арналған мемлекетті дамытудың стратегиялық басымдықтарын айқындады. Негізгі бастамалардың қатарында: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру, Цифрлық кодексті жедел қабылдау, Ұлттық банк жанынан Цифрлық активтер мемлекеттік қорын құру, «Алатау» цифрлық қаласын дамыту, жаңа Құрылыс кодексін қабылдау, екінші және үшінші атом электр станцияларын салу, сондай-ақ су ресурстарын есепке алудың бірыңғай платформасын енгізу бар.
Ұжым алдында сөз сөйлеген Әлинұр Болатұлы Президент Жолдауы елдің дамуына айқын бағыт беретінін және тек мемлекеттік органдардың ғана емес, ғылыми қауымдастық пен азаматтық қоғам институттарының да белсенді қатысуын талап ететінін атап өтті.
Парламентаризм институтының директоры Н.В. Пан институт әрқашан Мемлекет басшысының бастамаларын қолдайтынын және олардың іске асырылуына үлес қосуға дайын екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, басты басымдық – заңнамалық реформаларды сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеу, талдамалық материалдар дайындау және уақыт талабына сай білім беру бағдарламаларын дамыту.