
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізді. Іс-шараға Парламент пен Үкімет өкілдері, саяси партиялардың мүшелері, заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Парламенттік реформа – ел тағдыры мен халықтың болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін атап өтті.
«Бүгін біз Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп отырмыз. Өткен аптада мен осы арнайы жұмыс тобын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл – еліміз үшін аса маңызды әрі жауапты міндет. Өз Жолдауымда бұл мәселенің азаматтық қоғамда, сарапшылар қауымында және Парламенттің өз ішінде жан-жақты талқылануы қажет екенін нақты айттым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, жұмыс тобының құрамына әртүрлі сала мамандары мен қоғамның белсенді өкілдері енгізілген.
«Барлық қатысушылар – елге белгілі тұлғалар, өз саласының кәсіби мамандары. Тағы да атап өткім келеді: парламенттік реформа – мемлекет пен халықтың тағдырына тікелей қатысты мәселе. Жұмыс тобының әрбір мүшесі өзіне жүктелген тарихи миссияны терең сезініп, белсенді еңбек етеді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ бір палаталы Парламентке көшу бастамасы халықаралық тәжірибеге сай келетінін және заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Парламенттік реформаны жүзеге асыру – Президенттің елге арнаған соңғы Жолдауында көрсетілген саяси жаңғырту бағытының маңызды бөлігі. Жұмыс тобының қызметі нәтижесінде парламент институтын жетілдіру және өкілдік билікті нығайту бойынша нақты ұсыныстар дайындалмақ.