19 желтоқсанда Астанада Парламентаризм институтының құрылғанына бес жыл толуына орай Еуразиялық форум өтті. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қабырғасында ұйымдастырылған мерейтойлық іс-шара Қазақстаннан, Орталық Азия елдерінен, сондай-ақ Ресей мен Беларусьтен келген жетекші сарапшылардың басын қосты.
Форумның негізгі тақырыбы өңірдегі парламентаризмнің заманауи сын-қатерлері мен даму келешегіне арналды. «Парламентаризм: құқықтық негіз, даму жолы және болашақ келбеті» атты тақырып аясында өкілді биліктің эволюциясы мен құқықтық жүйені жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара барысында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл қадам парламентаризм мен құқық саласындағы ғылыми және білім беру байланыстарын нығайтуға бағытталған маңызды бастама болды.
Атап айтқанда, Парламентаризм институты мен академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті арасында ынтымақтастық меморандумы жасалды. Құжатқа Парламентаризм институтының директоры Наталья Виссарионовна Пан мен университет ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков қол қойды. Келісім бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға, академиялық өзара іс-қимылды кеңейтуге және құқық шығармашылығы мен құқықтық мәдениет саласында сараптамалық тәжірибе алмасуға бағытталған.
Сондай-ақ форум аясында Парламентаризм институты мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Барымбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан мен академия бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ахан Жақыпбекұлы Нұрышев қол қойды.
Қабылданған келісімдер жоғары оқу орындары мен мемлекеттік институттардың әлеуетін біріктіре отырып, заңнаманы және елдің құқықтық саясатын жетілдіруге бағытталған біртұтас ғылыми-сараптамалық кеңістік қалыптастыру жолындағы жүйелі жұмыстың заңды жалғасы болды.