24 желтоқсанда Парламентаризм институтының директоры Наталья Виссарионовна Пан бастаған институт қызметкерлері С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне (ҚазАТЗУ) арнайы іссапармен барды. Сапар аясында екі ұйым арасында ғылыми-білім беру және сараптамалық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға салтанатты түрде қол қойылды.
Құттықтау сөзінде Парламентаризм институтының директоры ҚазАТЗУ-ды стратегиялық әріптес әрі заңнамалық бастамаларды сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеуге және нормашығармашылық қызметтің сапасын арттыруға елеулі үлес қоса алатын жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретінде атап өтті.
Өз кезегінде университет ректоры Қанат Маратұлы Тіреуов ҚазАТЗУ-дың жетістіктері мен даму стратегиясына арналған таныстырылым ұсынып, оқу орнының халықаралық және ұлттық рейтингтердегі орнына тоқталды. Атап айтқанда, университет:
• QS World University Rankings рейтингінде – 1200-орынды;
• QS Asia University Rankings рейтингінде – 351-орынды;
• QS Central Asia University Rankings рейтингінде – 19-орынды;
• QS World Sustainability Rankings рейтингінде – 1051-орынды (ал «Қоршаған ортаға әсер» бағыты бойынша – 535-орынды) иеленген.
Сондай-ақ 2023 жылы ҚазАТЗУ алғаш рет QS Stars Ratings рейтингіне қатысып, оның қорытындысы бойынша төрт жұлдызға лайық деп танылған. Бұл университеттің академиялық және ғылыми әлеуетінің жоғары деңгейде екенін айғақтайды.
Ынтымақтастық туралы меморандумға Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан және ҚазАТЗУ-дың басқарма төрағасы – ректоры Қанат Тіреуов өз мекемелерінің жарғыларына сәйкес қол қойды.
Наталья Панның айтуынша, аталған құжат бұрыннан қалыптасқан серіктестіктің заңды жалғасы болып, оны институционалдық деңгейде нығайтуға бағытталған:
«Бұл меморандум арқылы біз ғылыми, сараптамалық және практикалық әлеуетті біріктіретін жүйелі ынтымақтастық бағытын бекітеміз. Ол аграрлық және экологиялық саладағы заңнамалық шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті институт директоры.
Қол қойылған меморандум ғылыми-зерттеу, білім беру және сараптамалық-талдамалық қызмет саласындағы әріптестікті дамыту мен нығайтуды көздейді. Құжатта бірлескен жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу, сондай-ақ парламентаризм мен аграрлық білім беру бағытындағы өзара ықпалдастықтың тиімділігін арттыру тетіктері қамтылған.
Келісімнің басты мақсаты – Қазақстанның орнықты дамуы үшін стратегиялық маңызы бар заң жобаларын әзірлеу, талдау және талқылау сапасын арттыруға бағытталған сараптамалық ынтымақтастықты дамыту.