Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының отырысы өтті.
Іс-шараның басында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Жұмыс тобының атқарған жұмысы туралы ақпарат беріп, Парламентті трансформациялауға бағытталған конституциялық өзгерістер бойынша ұсыныстар ауқымының ауқымды екенін атап өтті. Мемлекеттік кеңесші Жұмыс тобы мүшелерінің ортақ көзқарасын таныстырып, бұл өзгерістер заман талаптарына сай саяси жүйені жаңғыртуға ықпал ететінін жеткізді.
Отырыс барысында азаматтар мен сараптамалық қауымдастықтан келіп түскен бастамаларға ерекше назар аударылды. Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан e-Otinish және eGov цифрлық платформалары арқылы түскен өтініштер бойынша жинақталған ақпаратты ұсынды.
Оның айтуынша, соңғы айларда елдің барлық өңірлерінен 2 200-ден астам ұсыныс пен өтініш келіп түскен. Соның шамамен 600-і тікелей парламенттік реформаға қатысты болса, тағы 1 600-і мемлекеттік және конституциялық құрылымды жетілдіруге байланысты кең ауқымды мәселелерді қамтиды.
Азаматтардың басым бөлігі бір палаталы Парламентке көшу идеясын қолдайтынын білдірген. Ұсыныс авторларының пікірінше, мұндай модель заң қабылдау үдерісін жеделдетіп, жеңілдетуге, палаталар арасындағы рәсімдердің қайталануын жоюға, бюджет шығындарын қысқартуға және депутаттардың қызметіндегі ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар азаматтар Парламентті қалыптастырудың толық пропорционалды жүйесіне көшуді қолдайды. Олардың пайымдауынша, бұл саяси партиялардың жауапкершілігін күшейтіп, заң шығарушы органның өкілділік деңгейін арттырады.
Мәжілістегі Amanat партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының басшысы Асхат Рахимжанов өз сөздерінде парламенттік реформа аясында алда тұрған конституциялық өзгерістердің ауқымдылығын атап өтті. Олардың айтуынша, өңірлерде депутаттардың азаматтармен өткізген жұмыс кездесулерінде қоғам алдағы саяси реформаларға жоғары қызығушылық танытқан.
Талқылау қорытындысын шығара келе, Қасым-Жомарт Тоқаев реформаны әзірлеу жұмыстары басталған сәттен бері шамамен алты ай өткенін және осы уақыт ішінде қоғамда өзгерістердің мақсаты мен мәні жөнінде айқын түсінік қалыптасқанын айтты.
Мемлекет басшысы қоғамдық пікірталастарды, сарапшылардың көзқарастарын және азаматтардан келіп түсетін ұсыныстарды мұқият қадағалап отырғанын атап өтті.
«Институционалдық негізді терең қайта құру және заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде жаңарту алда тұр. Ертең Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселеге қатысты нақты ұсыныстарымды таныстырамын. Нәтижесінде елде сапалық тұрғыдан жаңа саяси модель қалыптасуда. Парламенттік реформаны іске асыру Конституцияның бірқатар бөлімдерін қайта қарауды талап етеді. Бұған дейін енгізілген өзгерістерді ескере отырып, Қазақстанның мәні жағынан жаңа Конституциясы қалыптасып жатыр деуге болады», — деп атап өтті Президент.
Сондай-ақ өз ұсыныстарын Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, Мәжіліс депутаттары Унзила Шапақ, Марат Башимов, Никита Шаталов және саясаттанушы Бурихан Нұрмұхамедов ортаға салды.