2026 жылғы 26 наурызда Қостанай қаласында мәслихат депутаттары мен олардың аппарат қызметкерлеріне арналған екі күндік практикалық тренингтер басталды. Іс-шараның негізгі мақсаты – тиімді коммуникация дағдыларын дамыту, жасанды интеллектті этикалық тұрғыда қолдану мәселелерін меңгеру, нормативтік-құқықтық базаны тереңдетіп игеру, сондай-ақ талдау, шешім қабылдау және жергілікті бюджеттердің орындалуын бақылау бойынша практикалық дағдыларды жетілдіру.
Қатысушыларға кіріспе сөз сөйлегендер: ● Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті - Зәуреш Батталова, ● Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы - Елші Алексей Рогов, ● Қостанай облыстық мәслихатының төрағасы - Сайлаубек Ещанов, ● Парламентаризм институты директорының орынбасары - Ляззәт Сүлеймен. Өз сөздерінде спикерлер депутаттық корпустың кәсіби деңгейін арттырудың, халықпен ашық диалогты дамытудың және жергілікті деңгейде ашықтық пен есептілік қағидаттарын нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, бұл тренингтің Қостанай облысының, әсіресе аудандық мәслихаттардың депутаттары мен олардың аппарат қызметкерлері үшін тиімді жұмыс істеуге қажетті заманауи тәсілдер мен практикалық дағдыларды қалыптастырудағы шешуші рөлі ерекше аталып өтті.
Тренинг аясында Парламентаризм институты директорының орынбасары Л.Сүлеймен, сондай-ақ институт қызметкерлері М.Қабылбаева мен А.Нұғманова дәрістер оқып, практикалық сессиялар өткізді. Л. Сүлеймен заманауи сайлау жүйелерінің тетіктеріне арналған дәріс ұсынды. М.Қабылбаева жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамаға шолу жасап, азаматтардың өтініштері, жергілікті маңызы бар мәселелер және инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі сұраныстар қамтылған кейстерді талдау бойынша практикалық жұмыс ұйымдастырды, соның нәтижесінде мәслихаттар үшін ұсыныстар әзірленді. А.Нұғманова мемлекеттік органдар қызметінде жасанды интеллектті қолдану тақырыбын ашып, оның мүмкіндіктері, тәуекелдері және жауапкершілік мәселелерін Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» Заңы аясында түсіндірді. Іс-шараның екінші күні бюджетке бақылау жүргізу, мемлекеттік шығыстардың ашықтығын қамтамасыз ету және өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың өзекті мәселелерін шешу тақырыптарына арналған сессиялар өткізілді.
Тренинг бағдарламасы интерактивті форматта ұйымдастырылып, дәрістерді, шеберлік сабақтарын, жағдайлық модельдеуді және топтық жұмысты қамтиды. Қатысушылар теориялық білім алып қана қоймай, мәслихаттардың нақты қызметіне барынша жақын жағдайларда шешім қабылдау бойынша практикалық дағдыларын шыңдауға мүмкіндік алды. Тренинг қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталып, депутаттық қызметте одан әрі қолдануға арналған практикалық ұсынымдар әзірленді.