2026 жылғы 28–29 мамырда Атырау облысында мәслихат депутаттары мен олардың аппарат қызметкерлеріне арналған екі күндік практикалық тренингтер өткізілді. Іс-шараны Парламентаризм институты, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі бірлесіп ұйымдастырды.
Тренингтің негізгі мақсаттары: тиімді коммуникация мен мемлекеттік қызмет этикасы бойынша құзыреттілікті қалыптастыру, мәслихаттардың нормативтік-құқықтық базасын тереңдетіп игеру, талдау, жергілікті бюджеттерді басқару және шешім қабылдау дағдыларын дамыту.
Қатысушыларға кіріспе сөз сөйлегендер: • Зәуреш Батталова, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті, • Ляззат Сүлеймен, Парламентаризм институты директорының орынбасары, • Арман Хайруллин, Атырау облыстық мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы, • Елші Алексей Рогов, ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы (онлайн форматта), • Моллақанағатұлы Хабибулла, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аппараты ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің сектор меңгерушісі.
Сөз сөйлегендер депутаттық корпустың кәсіби деңгейін арттырудың және Атырау облысы мәслихаттарының тиімді жұмысына арналған заманауи тәсілдерді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Бірінші күн сайлаушылармен өзара іс-қимыл, цифрлық ашықтық құралдары және депутаттық қызметтің этикалық стандарттары мәселелеріне арналды. Парламентаризм институтының қызметкерлері М.Қабылбаева және А.Нұғманова азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу әдістері, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, сондай-ақ ҚР «Жасанды интеллект туралы» Заңы аясында жасанды интеллектті қолдану тақырыптарында дәрістер мен практикалық сабақтар өткізді. Қатысушылар топшаларда нақты кейстерді — азаматтардың шағымдарын, жергілікті маңызы бар мәселелерді және инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі сұраныстарды — талдап, мәслихат шешімдерінің жобаларын ұсынды.
Екінші күн бюджеттік бақылау және өңірдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының өзекті мәселелеріне арналды. Қатысушылар нақты бюджеттік есептермен жұмыс жасап, ұсынымдар дайындады және қоғамдық тыңдауларды модельдеді. Бағдарламаны жалғастыра отырып, Парламентаризм институты директорының орынбасары Л. Сүлеймен заманауи сайлау жүйелерінің тетіктері туралы дәріс оқыды.
Мәслихат сессиясын модельдеу форматында депутаттар Атырау облысының ТҮКШ-ның ең өткір мәселелерін талқылады: инженерлік желілердің тозуы, сапалы ауыз судың тапшылығы, авариялық және ескі тұрғын үйлер, елді мекендердің ішіндегі жол инфрақұрылымының төмен сапасы, тұрғын аудандардың су басуы мен нөсер су жүйесінің жоқтығы, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселелері, көппәтерлі үйлердің төмен энергетикалық тиімділігі, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылымның қолжетімсіздігі және коммуналдық кәсіпорындар қызметінің ашықтығы.
Тренинг бағдарламасы интерактивті форматта ұйымдастырылды: дәрістер шеберлік сабақтарымен, топтық жұмыспен және нақты жағдайларды модельдеумен ұштастырылды. Қатысушылар теориялық білім алумен қатар, мәслихаттардың нақты қызметіне барынша жақын жағдайларда шешім қабылдау бойынша практикалық дағдыларын шыңдады. Тренинг қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталып, депутаттық қызметте одан әрі қолдануға арналған практикалық ұсынымдар әзірленді.