Ағымдағы жылдың 26 қарашасында Парламентаризм институтының директоры М. Махамбетов Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел шеңберінде «Ветеринариялық салауаттылықтың проблемалық мәселелері және ветеринария үшін кадрлар даярлауды дамыту» тақырыбында баяндама жасады.
Іс-шараның мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ республиканың агроөнеркәсіптік кешені саласындағы проблемалық мәселелерді шешу бойынша мемлекеттік деңгейде оңтайлы практикалық қадамдар жасау.
Дөңгелек үстел ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректоры
Т.И. Есполовтың төрағалық етуімен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Ахуалдық орталығы базасында өткізілді.
Іс-шара Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің стратегия, инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру және құқықтық мәселелер жөніндегі проректоры З.Я. Балиеваның басшылығымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бейінді комитеттері мен Парламентаризм Институтының қолдауымен ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші ғалымдары қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар проблемалық мәселелердің кең ауқымын, соның ішінде:
- ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларының алдын алу және оларға қарсы күрес мәселелері;
- ветеринарлық қауіпсіздіктің заңнамалық негіздері және оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар;
- ветеринария саласындағы бақылау-қадағалау және профилактикалық іс-шараларды жүргізудің тиімділігі;
- ветеринария саласындағы кадрлық мәселелер;
- ветеринария саласындағы ғылыми зерттеулердің тиімділігі мәселелерін талқылады.
Өз баяндамасы аясында М. Махамбетов дөңгелек үстелге қатысушылардың назарын келесі проблемалық мәселелерге аударды.
Дереу шешуді талап ететін келесі жүйелік проблемаларға сіздердің назарларыңызды аударғым келеді:
Бірінші. Мал шаруашылығы өнімділігінің төмен болуына әкеп соғатын мал шаруашылығын дамытудың негізгі қағидаттарын бұзу.
Бұл проблема жүйелі сипатқа ие және ол бүгінгі таңда халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыпқа – Қазақстанда да тікелей сезіліп отырған климаттың жаһандық деңгейде өзгеруіне байланысты.
Биылғы жылы жаһандық жылынудың тікелей салдары – құрғақшылық жиілігінің артуы болды, ол тиісті жемшөп базасының болмауымен қатар Маңғыстау және Қызылорда облыстарында малдың жаппай қырылуына әкеп соқты.
Сонымен, мен келесі ақпаратты келтіргім келеді:
Ғалымдардың деректері бойынша, біздің елімізде жыл сайын мал азығы зоотехникалық қажеттілік нормасынан 2 есе аз өндіріледі. Бұл ретте, жемшөптің осы көлемінің шамамен 70%-ы негізінен табиғи шабындықтарда және шабылатын жайылымдарда дайындалады, олардың өнімділігі толығымен ауа-райы жағдайына байланысты.
Ал АШМ деректеріне сәйкес Қазақстанда ауыспалы егістегі жемшөп дақылдарының үлесі шамамен 15%-ды құрайды, бұл қажетті көрсеткіштен 2 есе төмен. Яғни, мал шаруашылығын дамытудың негізгі қағидаттарын бұзу фактісін және мал басын көбейту жем-шөп базасын озыңқы түрде нығайтпай жүзеге асырылғанын айтуға болады. Бұл сондай-ақ мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасының дамуын айтарлықтай тежеген себептердің бірі болды.
Осыған байланысты егіншілікте нақты әртараптандыруды жүргізуге бағытталған мынадай шараларды қабылдау өзекті болып табылады.
Оған қол жеткізу үшін:
- тамшылатып және жаңбырлатып суаруды кеңінен қолдану жолымен жерді суарудың ескірген, үнемсіз әдістерін алмастыру;
- жем-шөп дақылдары үшін суармалы жерлер алаңын кеңейтуді жүргізу;
- жем-шөп дақылдарының тұқым шаруашылығын дамытуды жалғастыру;
- пайдаланылатын жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыру және олардың шекараларын кеңейту қажет.
Екінші. Білім беру және кадрларды даярлау саласындағы проблемалар
Отандық АӨК-нің дамуы жеке фермерлік мал шаруашылығының сапалы өсуімен байланысты, ол өз кезегінде біліктілігі жоғары ветеринариялық қызметтерді ұсынуды талап етеді, өйткені мал шаруашылығы ісінің ұзақ мерзімділігі мен табыстылығы осыған байланысты.
Алайда, отандық ветеринарлық қызметтер нарығы тиісті білікті кадрлардың болмауына байланысты сапалы және сенімді қызметтерді ұсына алмайды.
Бүгінгі таңда ветеринарлардың төмен біліктілігі нашар ұйымдастырылған оқу процесіне тікелей байланысты, оны оқытуды ұйымдастырудың жаңа форматтарына қайта бағыттау қажет.
Сондықтан, бұл бағытта оқу процесіне жануарлар ауруларын диагностикалау, емдеу және аурудың алдын алу процесін көрсету үшін ең жақсы ақпараттық технологияларды енгізу, сондай-ақ жас мамандарға құнды қолданбалы дағдыларды игеруге мүмкіндік беретін міндетті өндірістік практикадан өту маңызды болып табылады.
Мұның бәрі жас түлектерге ынталы мамандар болуға және сәйкесінше сапалы ветеринариялық қызмет көрсету нарығына толық кіруге мүмкіндік береді.
Үшінші. Елдің ветеринарлық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өсуі
Бүгінгі таңда ветеринария саласы, оның үстіне аса ірі бюджет қаражатының бөлінуіне байланысты әртүрлі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жинақталған аймақтардың біріне айналғаны құпия емес. Мәселен, 2019 жылы эпизоотияға қарсы іс-шараларға, жануарлар мен құстардың жіті және созылмалы жұқпалы ауруларының ошақтарын жоюға
9,8 млрд. теңге, ал 2021 жылы – 10,2 млрд. теңге бөлінді. Ветеринария жүйесін бақылау мен мониторингілеудің тиімді тетіктері болмаған кезде осындай аса ірі қаражаттың бөлінуі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өсуіне алып келеді.
Мұнда негізгі факторлар ветеринария саласының нашар цифрландырылуы, сондай-ақ тиімсіз құқықтық реттеу, атап айтқанда, екі ұшты түсіндіру нормаларының, сондай-ақ ветеринария саласының қайталанатын және өзекті емес реттеуші тетіктерінің болуы болып табылады.
Тұтас алғанда, бүгінде Парламентаризм институты заңнамадағы, оның ішінде АӨК саласындағы проблемалық аймақтарды жүйелі негізде анықтайтын зерттеу құрылымы ретінде әрекет етеді, сондай-ақ қоғамдық қатынастарды үйлесімді және тиімді дамыту бойынша анағұрлым өзекті және пәрменді заңнамалық шараларды ұсынады.