13 қаңтарда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Құқықтық ғылымның тұрақты дамуы: доктриналар мен тұжырымдамалар» тақырыбында ғылыми семинар өтті. Шараға жетекші ғалымдар, заңгерлер және сарапшылар қатысып, құқықтық ғылымның өзекті мәселелері мен даму келешегін жан-жақты талқылады.
Семинар барысында Парламентаризм институтының бас маманы Сәулен Нұржан «Құқықтық тұжырымдамалардың қоғамдық өзгерістерге бейімделуі: жаңа замандағы міндеттер мен мүмкіндіктер» тақырыбында баяндама жасап, заманауи құқық жүйесін жаңғырту мен қоғамдағы өзгерістерге жедел бейімделудің маңыздылығын атап көрсетті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – құқықтық ғылым мен тәжірибенің өзара байланысын талқылау және құқықтық тұжырымдамалардың қоғам қажеттіліктеріне сай болуын қамтамасыз ету. Семинар барысында заң ғылымының жаңа тәсілдері, тұрақты даму қағидаттарын енгізу және құқықтық реформалардың қоғамға тигізетін ықпалы туралы пікірталас өтті.
Семинар соңында қатысушылар құқықтық ғылымның өзекті мәселелерін бірлесіп шешуге және жаңашыл идеялар мен ұсыныстарды жүзеге асыруға әзір екендіктерін білдірді.