




Бүгін Парламентаризм институтында «Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізудің өзекті мәселелері» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдегі ресми құжаттар мен заң жобаларын әзірлеу сапасын арттыру, сондай-ақ заңнамадағы тілдік нормаларды жетілдіру жолдарын қарастыру.
Семинарға мемлекеттік органдар мен сала сарапшылары қатысты. Олардың қатарында «Ұлттық тестілеу орталығы» Қазтест жүйесін дамыту басқармасының басшысы Гүлнұр Ерсұлтанова, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми қызметкері Айерке Зинедина, ҚР Әділет министрлігі Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және келісу басқармасының бас сарапшысы Мадина Оспаналы, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігі Тіл саясатын іске асыру басқармасының бастығы, полковник Айнұр Оразғалиева бар. Сонымен бірге ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Редакциялық-баспа бөлімінің мамандары да семинар жұмысына атсалысты.
Жиынды Парламентаризм институтының директорының міндетін атқарушы Берік Айдарбекұлы Бекжанов ашып, мемлекеттік тілдің заң шығару саласындағы орнына тоқталды.
– Мемлекеттік тіл – ұлттық бірегейлігіміздің тірегі. Іс қағаздарын қазақ тілінде сапалы жүргізу – қоғам сұранысына сай келетін маңызды бағыт. Бұл семинар заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеудің түйткілді тұстарын анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын ұсынуға бағытталған, – деді ол.
Іс-шара барысында заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеудегі әдістемелік тәсілдер, құжаттардың тілдік стильдік ерекшеліктері, құқықтық терминология мен нормаларды біріздендіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, жасанды интеллект технологияларын осы салаға енгізудің мүмкіндіктері де сөз болды.
Семинарға қатысқан Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығының мамандары мемлекеттік тілде іс жүргізуге арналған әдістемелік құралдар мен цифрлық ресурстарды таныстырып, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, Парламентаризм институтының сарапшылары баяндама оқыды.
Аталған іс-шара 2023–2029 жылдарға арналған Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды және Парламентаризм институтының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сай өткізілді. Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар заң жобаларын әзірлеу процесінде тілдік нормаларды сақтау, лингвистикалық сараптаманы жетілдіру, кәсіби аудармашылар даярлау және Қазтест жүйесі бойынша бағалау тетіктерін жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар мен әдістемелік ұсынымдар қабылдады.